Accessibility links

Қазақстан мұнайының 80 пайызын тасымалдайтын консорциум Украинамен соттаспақ


Қазақстан мұнайының 80 пайызын шетелге тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумы Украинаға қарсы халықаралық сотқа шағымданбақ. Биыл ақпанда КҚК-ның "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына Украина дронмен шабуыл жасаған еді. КҚК сол шабуыл кесірінен 18 млрд теңгедей шығын келді деп мәлімдеген.

"Процедураны бастап кеттік"

18 маусымда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтіп жатқан экономикалық форумда Каспий құбыр консорциумының (КҚК) бас директоры Николай Горбан консорциум Украинаның үстінен халықаралық сотқа шағымданатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, КҚК халықаралық құқық субъектісі болмағандықтан халықаралық сотқа тікелей жүгіне алмайды.

"Бірақ шағым түсіруге мүмкіндік беретін процедура бар. Біз оны бастап кеттік", – деді Горбан.

Қазақстан мұнайы Каспий құбыр желісімен Ресейдің Новороссийск қаласы түбіндегі терминалға жеткізіліп, ары қарай танкерге тиеліп, Қара теңіз арқылы Еуропаға жөнелтіледі.
Қазақстан мұнайы Каспий құбыр желісімен Ресейдің Новороссийск қаласы түбіндегі терминалға жеткізіліп, ары қарай танкерге тиеліп, Қара теңіз арқылы Еуропаға жөнелтіледі.

Биыл ақпанда Ресейдің Краснодар өлкесіндегі "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына түскен дронның кесірінен мұнай айдайтын жабдық бұзылған. Оны жөндеуге бірнеше ай кеткен. Дрон шабуылын Украина мойнына алған.

"Станция оккупациялық күштерге отын тасымалдауда шешуші рөл атқарады. Шабуылдан кейін олар істен шықты. Бұл агрессорды отынмен қамтамасыз етуді едәуір қиындатты", – деп мәлімдеген.

24 наурызда Ресей украин дрондары осы құбырға екінші рет шабуылдағанын, бірақ шабуыл сәтсіз болғанын айтты. Каспий құбыр консорциумынан негізінен қазақ мұнайы тасымалданғанымен, консорциум активінің 24 пайызына – Ресей, 19 пайызына Қазақстан иелік етеді. Қалған ірілі-ұсақ акциялар Батыстың бірнеше ірі мұнай өндіруші компаниясының еншісінде.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров әлгі шабуылды "Қазақстанның энергетика инфрақұрылымына тікелей жасалған шабуыл" деп атап еді. Кейін қазақстандық бірнеше депутат та Украинаның мұнай құбырына жасаған шабуылын агрессия деп айыптап, оны жауапқа шақыруға үндеген.

Каспий құбыр консорциумы

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) құбыр желісі Қазақстанның "Теңіз" кен орны мен Ресейдегі Новороссийск түбіндегі Қара теңіз терминалын жалғайды. Оның ұзындығы — 1,5 мың шақырым. Онымен мұнай айдау тез әрі оңай. "Теңіз" кенішіндегі құбырға айдалатын мұнай Құрманғазы, Исатай аудандарындағы станциялар арқылы Ресей аумағымен Новороссийск жанындағы Южная Озереевка кентіндегі теңіз терминалына жеткізіледі. Ары қарай танкерге тиеліп, теңіз порттары арқылы Еуропаға жөнелтіледі.

Каспий құбыр консорциумының 24 пайызына — Ресей, 19 пайызына Қазақстан иелік етеді. Қалған ірілі-ұсақ акциялар Батыстың бірнеше ірі мұнай өндіруші компаниясына тиесілі.

Қазақстан осы құбырға 21 жыл арқа сүйеп келді. Бірақ 2022 жылы Мәскеу Украинаға басып кірген соң жағдай өзгерді. Құбыр өтетін Қара теңіз соғыс аймағына айналды. Украинаның теңіз дрондары Новороссийск терминалына жақын жерге шабуыл жасап, қазақ мұнайының тасымалдануына қауіп төнді.

Қазақстан бюджеті мұнайға тәуелді. Қазынаға түсетін кірістің 55-65 пайызы мұнайдан келіп отыр. Қазақстан 2024 жылы өндірілген 87 млн тонна мұнайдың 63 млн тоннасын, яғни 80 пайызын Еуропаға осы – Каспий құбыр желісі арқылы тасымалдаған. Каспий құбыр консорциумының жұмысы бір айға тоқтаса, бюджет 250 миллиард теңге кірістен айырылады. Бұл 1200 орындық 78 мектеп салуға жұмсалатын сомамен парапар.

26 наурызда Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин қазақ мұнайын тасымалдайтын құбырға жасалған шабуыл бойынша Астана Украина билігінен түсінік беруді сұрағанын хабарлады. Басылымдар Қазақстан бұдан соң да бірнеше рет Киевке шабуыл жөнінде сұрау салғанын жазды. 9 маусымда сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украина шабуылдар жөнінде әлі түсінік берген жоқ деп мәлімдеді.

19 маусымда Азаттық Қазақстанның энергетика министрлігі мен КҚК-да Қазақстан атынан үлескер "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына хат жазып, консорциум басшылығының Украинаны сотқа бергелі жатқанынан хабардарсыздар ма, бұл шешім қабылданарда Астананың пікірі ескерілді ме, Қазақстан Киевке қарсы арызды қолдай ма деп сұрады. "ҚазМұнайГаз" жауап бермеді, ал энергетика министрлігі сотқа жүгініп жатқан Қазақстан емес, консорциумның өзі деді.

Қазақстанның энергетика министрлігінің жауабы

Ең алдымен, қазіргі уақытта Каспий құбыр консорциумы арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдау мен тиеу жұмыстарын әдеттегі режимде және толық көлемде жүзеге асырып жатқанын хабарлаймыз.

Оператордың мәліметінше, "Кропоткинская" мұнай айдау станциясындағы барлық қалпына келтіру жұмыстары аяқталған, құбыр жүйесі қалыпты жұмыс істеп тұр. Қазақстан тарапынан мұнай қабылдау немесе айдау бойынша шектеу жоқ. Залалды өтеу үшін талап-арыз беру туралы шешім — халықаралық коммерциялық ұйым ретінде Консорциум менеджментінің операциялық мәселесі. Компания активтерін қорғауға бағытталған бұл шешім консорциум басшылығының құзыретіне кіреді және акционерлер деңгейінде талқыланбаған.

Қазақстан Республикасы бұл корпоративтік шешімді қабылдау процесіне қатысқан жоқ. Каспий құбыр консорциумында болған оқиғалар Қазақстанға тікелей қаржылық шығын әкелген жоқ, өйткені бұл экспорт көлемінің қысқаруына немесе тасымалдың тоқтауына себеп болған жоқ. Консорциумы басшылығы айтқан 2,7 млрд рубль көлеміндегі залал — тек Ресей Федерациясы аумағындағы консорциумның өз инфрақұрылымын қалпына келтіруге кеткен шығындар.

"Нәтижесін күтейік". Сенат мүшелерінің пікірі

Ресейдің басқыншылық соғысына қарсы тұрып, өзін өзі қорғап отырған Украинаны сотқа беру, оған Қазақстанның араласуы қаншалықты әділетті болады? Каспий құбыр консорциумы басшысы айтқан сот жөнінде Қазақстан парламенті сенатының депутаттарынан пікір сұрадық.

Дархан Қыдырәлі, сенат депутаты:

– Бұған дейін Қазақстан сауалын жолдаған. Бірақ оған әлі жауап алған жоқпыз. Қазақстан сол жауапты күту керек деп ойлаймын. Бұл – ортақ консорциум, ол жерде Қазақстан ғана емес, шетелдік ірі үлескерлер де бар, сондықтан сыртқы істер министрлігі мәселені халықаралық деңгейде келісіп шешетін шығар.

Сұлтанбек Мәкежанов, сенат депутаты:

– Біз бейбіт мемлекет болғандықтан көрші елдермен, басқа да мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас саясатын ұстанамыз, кешегі үлкен форум, мемлекетаралық жоғары деңгейдегі кездесу (18 маусымда Астанада "Орталық Азия – Қытай" екінші саммиті өткен – ред.) соның бірден бір дәлелі. Ал енді әртүрлі квазимемлекеттік секторлардың сотқа беру мәселесі олардың өз тарапынан қаралуы керек шығар. Сондықтан сотқа беру мәселесін мынау дұрыс я бұрыс деп айта алмаймын, нәтижесін күтейік. Қандай құрылым, қандай ел, қандай жер болсын, барлық мәселе бейбіт жолмен шешілуі керек.

Амангелді Толамисов, сенат депутаты:

– Негіз болғаннан кейін сотқа беріп жатқан шығар деп ойлаймын. Нақты мәліметтерді сол соттың шешімінен кейін көретін шығармыз. Ал бұл болған оқиғалар біздің мұнайдың тасымалдануына үлкен кедергі болған жоқ, барлығы қалпына келтірілді. Ол туралы да ақпараттар айтылған.

Андрей Лукин, сенат депутаты:

– Қалай болғанда да, Қазақстан ең алдымен өз мүддесін қорғайтын мемлекеттік саясат жүргізеді. Белгілі бір мәселелерді арбитраж немесе халықаралық соттар арқылы шешу қажет екенін көрсететін тәртіп пен халықаралық тәжірибе бар. Бізде ақпаратты БАҚ-тан алып отырмыз. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілдері бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді, сондықтан бұл тұрғыда ұстанымымыз толығымен сәйкес келеді. Осыған байланысты біз халықаралық сотқа жүгіну арқылы белгілі бір мәселелер қаралатынына сенеміз, бұл өз мүдделерін халықаралық деңгейде қорғауға бағытталған мемлекетіміздің саясатына сай келеді. Бұл мәселеге қатысты басқа қосарым жоқ.

Қазақстанға Путин көмектесе ме?

19 маусымда шетелдік БАҚ өкілдерімен кездескен Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның мұнай экспорттау үшін КҚК құбырына балама жол іздеп жатқанына қарсы емес екенін айтты.

Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербург экономикалық форумында. 18 маусым, 2025 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербург экономикалық форумында. 18 маусым, 2025 жыл.

Путиннің сөзінше, қазір Қазақстан мен Ресей мұнай мен газды үшінші елдерге жеткізуде жаңа логистика бағыттарын бірге ойластырып жатыр. Қазақ мұнайының негізгі бөлігі Ресейден өту себебін Совет кезінде құрылған жүйемен байланыстырған Путин Қазақстанның басқа жол іздеуіне көмектесеміз дейді.

– Білесіздер, экспортқа шығатын қазақстандық мұнайдың негізгі бөлігі Ресей Федерациясы арқылы өтеді. Мұнай Каспий құбыр консорциумы жүйесімен және басқа арналар арқылы өтеді. Қазақстан мұнайының барлығы дерлік Ресей арқылы экспортқа жөнелтіледі десе болады. Бірақ біз Қазақстанның әртараптандыруға мүдделі екенін түсінеміз және оған көмектесуге дайынбыз. Біз Еуропада бірге жұмыс істедік, әлі де істей береміз, – деді Путин.

Қазақстан мұнайының 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады. Ұзындығы 1,5 мың шақырым құбыр Қазақстанның Теңіз кен орны мен Ресейдегі Новороссийск түбіндегі Қара теңіз терминалын жалғайды. Онымен мұнай айдау тез әрі оңай. 2022 жылы Мәскеу Украинаға басып кіргеннен бері түрлі себеппен Каспий құбырынан мұнай айдау тоқтап қала берді.

Ресейдің Новороссийск қаласындағы теңіз терминалы. Қазақстаннан Каспий құбырымен жеткізілген мұнай Қара теңіздегі осы портта танкерге тиеліп, Еуропаға жөнелтіледі.
Ресейдің Новороссийск қаласындағы теңіз терминалы. Қазақстаннан Каспий құбырымен жеткізілген мұнай Қара теңіздегі осы портта танкерге тиеліп, Еуропаға жөнелтіледі.

2022 жылдың наурызында құбыр жұмысы алғаш рет бір айға шектелді. Ресей мұның себебін Қара теңіздегі дауылдан кейін порттағы айлақ қондырғылары істен шықты деп түсіндірді. Бұл ақауды табиғи себеппен емес, Ресей қазақ мұнайын Еуропа нарығына жеткізуді қасақана шектеп отыр деген сарапшылар да болды.

Құбыр жұмысы екінші рет тоқтауы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Астана "ДХР" мен "ЛХР"-ды мойындамайды" деген мәлімдемесімен тұспа-тұс келген. Осылайша 2022 жылы Ресей қазақ мұнайының құбыр арқылы экспортын төрт мәрте ішінара немесе толық шектеді. Батыс басылымдары "Кремль бұл құбырды саяси ықпалын көрсететін құралға айналдырып алды" деп жазды. Қазақстан билігі мұндай пікірді жоққа шығарады. Бірақ ел билігі 2022 жылдан бері шикізат тасымалдайтын балама жол іздеуді жеделдетті.

Былтыр Қазақстанның Ақтау портынан Әзербайжанға, одан ары Грузия мен Түркияға тасымалданатын мұнай көлемі ұлғайған, бірақ Каспий құбыр желісімен жөнелтілетін мұнай көлемі одан әлдеқайда көп.
Былтыр Қазақстанның Ақтау портынан Әзербайжанға, одан ары Грузия мен Түркияға тасымалданатын мұнай көлемі ұлғайған, бірақ Каспий құбыр желісімен жөнелтілетін мұнай көлемі одан әлдеқайда көп.

Сарапшы пікірі

Қазақстандық экономист Меруерт Махмұтова КҚК шағым жазған күннің өзінде халықаралық сотқа жете қоятынына күмән келтіреді. Сарапшыдан КТК құбыры, консорциумның сот туралы мәлімдемесі, Қазақстанның Ресей және Украинамен қарым-қатынасы жайлы сұрадық.

– Меруерт ханым, Каспий құбыр консорциумы Украинаның үстінен халықаралық сотқа шағым түсірсе, Қазақстан бұл процестен сырт қала ма? Өйткені құбырдың 20 пайызы "ҚазмұнайГаз" компаниясына тиесілі ғой.

Экономист Меруерт Махмұтова
Экономист Меруерт Махмұтова

– Менің ойымша, халықаралық сотқа береміз деген сөзі – бос әңгіме. Бір жағынан КҚК-ның халықаралық заңды мәртебесі жоқ дегенді өздері де мойындап жатыр. Ал дрондарға [шабуылына] не себеп болды дегенге келсек, оған ең алдымен Ресейдің Украинаға қарсы ашқан соғысы себеп. Сондықтан КҚК ең бірінші кімге қарсы талап-шағым береді десек, ол – Ресей Федерациясы. Менің ойымша, бұл әңгімені көтеріп жатқаны –құбырда өз үлесі бар Қазақстанды да, өзге акционерлерді де осы шатақ іске араластырудың амалы.

– Егер бұл іс сотқа жетіп, тергеу басталып, қарала бастаса құбырға жеке шабуыл емес, Ресей бастаған соғыспен араласып, астарласып, Астана Мәскеудің жетегінде кете ме?

– Меніңше, сот болары екіталай. Мен қазір мұны халықаралық деңгейде ақпараттық шу көтеруге тамызық болар месседж тастап, әйтеуір бір дүрліктіріп қоюды көздейтін PR акция ретінде бағалар едім. Міне, сіздер де хабарласып, менен пікір сұрап жатырсыздар.

– Қазақстан мұнайының 80 пайызы сыртқа осы құбырмен жөнелтіледі. Бұл Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды құбыр. Оны зымыран, дрон шабуылдарынан қорғау үшін Қазақстан Ресейді айналып өтіп, Украинамен қандай да бір жеке келіссөз жүргізуі керек пе?

– Қазақстан Еуразия экономика одағына мүше ел ретінде Ресейдің серіктесі. Әйткенмен Қазақстан кезінде Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанын мойындамады, кейін Ресей Конституциясына өзгерту енгізіп, Украинаның тағы төрт облысын өзіне қосып алды, бірақ соғыс барысында әлі де оларды түгелдей басып ала алған жоқ.

Тоқаев осыдан үш жыл бұрын дәл сол Петербург форумында Қазақстан Украинаның шығысындағы "квазимемлекеттік" құрылымдарды мойындамайтынын мәлімдеген. Сондықтан, бір жағынан мойындамай отырсақ, екінші жағынан көп жобаларда Ресейдің серіктесіміз, олармен бірге, мысалы, ҰҚШҰ сында ұйымдарға мүшеміз. Сол жағынан алғанда, менің ойымша, Қазақстанның соғысқа деген көзқарасы Украинаның сұрағын тудырады.

– Қазақстанға қалай болғанда құбыр бүлінбей, жұмыс істеп тұрғаны, мұнайды жөнелтуде қиындық болмағаны керек қой? Сол мақсатта Украинамен жеке сөйлесуі, келісім жасауы керек пе?

– Құбырмен тасылып жатқан мұнайда Қазақстанға қоса, АҚШ-тың "Теңізшевройл" және басқа да компаниялардың үлесі бар. Мысалы, Қазақстан экономикасына "Теңізшевройл" төлеп отырған салықтар өте маңызды. АҚШ пен Украина арасында ондай келісімшарттар бар болуы мүмкін деп ойлаймын. Негізі, Украина КҚК-ны бүлдіремін десе өткен үш жылда, әсіресе дроны көбейгелі бері оны тас-талқанын шығаруға талай рет мүмкіндігі болды. Бірақ әлгіндей келісімшарт бар болуы мүмкін деп ойлаймын. Және Украинаның Қазақстанмен қарым-қатынасын бұзғысы келмейтіні көрінеді. Дронның ол құбырға қалай түскені де көңілге күдік ұялатады, бірақ ол жерде не болғанын көзімізбен көрмегендіктен кесіп айту қиын.

– Бүгін шетелдік БАҚ өкілдерімен кездескенде Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның КҚК-ға қосымша балама жол қарастырып жатқанын айта келе, "біз оған қарсы емеспіз, керісінше көмектесеміз" деген. Путиннің бұл пікіріне сенуге бола ма?

– "Көмектесем" деген сөзіне мүлде сенбеймін. Қазақстанның мұнай экспорттайтын басқа жолдар іздеп жатқаны рас, мысалы, Баку-Тбилиси-Жейхан сынды. Бірақ олар дәл қазір КҚК арқылы тасымалданып жатқандай көлемде бола алмайды.

Мұнай бағасы құлдыраса, Қазақстанды не күтіп тұр? Талдау
please wait

No media source currently available

0:00 0:21:03 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG