Путин мен Мирзияев Ресейде жұмыс істегісі келетін мигранттарды "бірігіп дайындауға" келісті

Ресей және Өзбекстан басшылары Владимир Путин (сол жақта) мен Шавкат Мирзияев.

Ресей президенті Владимир Путин Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевпен Ресейде жұмыс істегісі келетін еңбек мигранттарын бірге дайындауға келіскенін мәлімдеді.

"Ресейде жұмыс істегісі келетін адамдарды алдын ала дайындау үшін не істеу керектігін келістік. Бұл орыс тілін, орыс мәдениетін меңгеруге қатысты, жалпы жоспар жақсы. Осының бәрін ұйымдастырамыз деп сенемін" деді Путин. Оның сөзінен Кремльдің баспасөз қызметі үзінді келтірді.

Еңбек көші-қоны мәселесін Ресей басшысы Петербург халықаралық экономика форумы аясында өзбек тілшісінің сұрағына жауап берген кезде қозғаған. Саясаткер көші-қон мәселесін Өзбекстан басшысымен бірге бірігіп шешуге келіскенін айтты.

"Шавкат Миромонұлымен көші-қон мәселесін бірге шешеміз деп келістік. Неге? Себебі еңбек нарығының қазіргі ахуалы белгілі. Бізде қандай да бір қысым бар" деді Путин.

Мәскеу түбіндегі "Крокус сити холдағы" терактіден кейін Ресей үкіметі көші-қон саясатын қатайтқан. 2025 жылы мемлекеттік дума мигранттардың балаларын орыс тілінен тест тапсыруға міндеттеген. Онсыз мектепке бару мүмкін емес. Ал 1 қыркүйектен бастап Мәскеу мен Мәскеу облысында тұратын шетел азаматтары дактилоскопия мен биометриялық суретке түсуге және арнайы қосымша арқылы қай жерде тұратынын хабарлауға міндетті. Бұған қоса, полиция қызметкерлері жүйелі түрде рейд жасап, еңбек мигранттарын қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасауға мәжбүрлейді.

Кейінгі айларда әлеуметтік желілерде ресейлік күштік құрылымдардың Орталық Азиядан барған мигранттарды ұрып-соғып, қорлағаны көрінетін көп видео тараған. Мамыр басында Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Ресейде мигранттардың құқықтарының өрескел бұзылу жайттарына алаңдаушылық білдірген. Құқық қорғаушылар шетелде жүрген өзбек азаматтарының құқықтарын қорғау үшін Ташкенттен қатаң дипломатиялық қадамдар мен шараларды талап еткен.