Оппозициялық блогер, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовтың қазасына қатысты қылмыстық істе "үшінші күдікті жоқ" деп хабарлады Киев қаласының прокуратурасы Азаттыққа.
18 маусымда "Бәсе" арнасы Садықовтың қазасына қатысы болуы мүмкін тағы бір "адамның аты-жөнін жариялап, ол журналистің отбасын Прагада аңдығанын" хабарлаған еді. Арна жариялаған видеода оның суреті мен аты-жөні толық көрсетілген.
Ал Киев прокуратурасы Азаттыққа Садықовтың өліміне Қазақстан азаматтары Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаев күдікті дейді.
19 маусымда Украинаның бас прокуратурасы Азаттыққа Садықовтың қазасына күдіктілер Украинадан шығып кетіп, оларға іздеу жарияланғандықтан сотқа дейінгі тергеуді тоқтап тұрғанын хабарлаған еді. Украина бас прокуратурасы да істе екі күдікті барын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина Садықовтың өліміне күдіктілерге іздеу жарияланғандықтан тергеуді тоқтатқан2024 жылғы 18 маусымда бір миллионнан астам жазылушысы бар оппозициялық "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсенді 2 шілдеде ауруханада көз жұмды.
Сол кезде Украина бас прокуратурасы Садықовтың қазасына қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде атаған. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған.
Украиналық адвокат Дмитрий Моргун мамыр айында "Бәсе" арнасына берген сұхбатында Украина жағы Қазақстанға бір жыл ішінде үш рет сұрау салғанын, Қазақстанның құзырлы органдары тиісті дәрежеде қимылдамай отырғанын айтқан. Үш сұраудың негізгісі былтыр желтоқсанда берілген.
Маусым айының басында Қазақстан бас прокуратурасы Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында "сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын, тергеу құпиялығына байланысты басқа ақпарат жарияланбайтынын" айтты.
Садықов пен әйелі Наталья Садықова Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевте жүріп "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген. Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған еді.
Былтыр Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған. Қазақстанның тиісті органдары аталған іс бойынша мәліметті өте сирек береді.
Азаттық ашық дереккөздерден күдіктілерге тиесілі деген нөмірлерді тауып, ол нөмірлер өзге адамдардың телефондарында "арнайы жасақ", "собр", "капитан", "снайпер" немесе "Алтай Сырбар КНБ", "Алтай КНБ" деген қосымша ақпаратпен сақталғанын анықтаған еді. ҰҚК Азаттыққа Қаратаев пен Жақанбаев ҰҚК құрамында жұмыс істемейтінін, одан басқа ақпарат бере алмайтынын мәлімдеген.